АСТАНА, 6 ақп – Sputnik. Қазақстандық танымал продюсер Баян Мақсатқызының (Есентаева) бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев Алматы облысындағы ЛА-115/8 түзету мекемесіне жіберілді, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Колония Алматы облысындағы Заречный ауылында орналасқан. Есентаев әйелін соққыға жығып, пышақ жарақаттарын салғаны үшін өткен жылдың қарашасында 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Баян болған оқиғадан кейін ажырасуға арыз беріп, қыз кезіндегі тегін қайтып алған. Ол соттан өзінің бұрынғы күйеуіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Бірақ сот Бақыт Есентаев аса ауыр қылмыс жасады деп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Апелляциялық сот бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Жақында Баян Есентаева әлеуметтік желіде кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзовке тұрмысқа шығатынын хабарлады.