АСТАНА, 5 ақп — Sputnik. Орман шаруашылығының екі қызметкері Ақсу-Жабағылы қорығында боранға тап болып адасып кеткен. 1988 және 1995 жылдары туылған орманшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Ақсу-Жабағылы қорығын бақылау үшін жоспарлы рейдке аттанған деп хабарлайды Otyrar.kz.
Әріптестері іздеп-іздеп таппаған соң, бір тәуліктен аса уақыт өткеннен кейін орман шаруашылығының басшылары құтқарушылардан көмек сұрайды. Ер адамдармен телефон арқылы байланысып отырса да, қарлы боранның салдарынан табу мүмкін болмаса керек.
Жоғалып кеткен азаматтарды іздеуге төрт құтқарушы арнайы көлікпен аттанды. Орманшылардың болуы мүмкін жерге жеткен соң, GPS бағыттаушысының көмегімен оларды тауып алады. Жігіттердің хәлі қанағаттандырарлық деңгейде болған.