АСТАНА, 4 ақп – Sputnik. Жамбыл облысының Жуалы ауданында түні бойы қар құрсауында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Осылайша кеше күні кешкі сағат 18-ден бастап 4 ақпан күні таңертеңгі 4-ке дейін Жуалы ауданында «Алматы-Ташкент» автожолының "Шақпақ" асуында Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің, Жедел құтқару отрядының, жергілікті атқарушы органдардың және "Қазақавтожол" РКК-нің күшімен 223 адам, оның ішінде 35 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Азаматтарды жылыну пунктіне жеткізу ұйымдастырылды. Қар құрсауынан 21 техника шығарылды. Қарға батып қалған 24 автомобиль әлі де бар (адамдар жылыну пунктінде). Зардап шеккендер жоқ", — деді Иманқұлов.
Оның айтуынша, аталған аудандағы ауа райы қолайсыз болып тұр, жел басылар емес, айнала түк көрінбейді. "Алматы-Ташкент" автожолының "Шақпақ" асуы жабық. Осыған байланысты Жамбыл облысынан Оңтүстік Қазақстан облысына қарай және кері де жол жүруге еш мүмкіндік жоқ. Осыған орай азаматтардан ауа райы тұрақтанғанға дейін жолға шықпауды өтінеміз", — деді комитеттің ресми өкілі.