АСТАНА, 5 ақп – Sputnik. Ресейлік шоуюизнестің жұлдызы, танымал орындаушы Тимати Петропавл қаласында айыппұл тұрағында он жылдан астам уақыт бойы тұрған спорттық көлігін сатып, түскен ақшаны балалар үйіне қайырымдылық ретінде бермекші деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тамаша көлік! – деп баға береді айыппұл тұрағының қызметкері. – 2006 жылдан бері осында тұр, жақсы сақталған! Аккумуляторын қуаттап, кете берсең болады, бірден жүріп кетеді. Әйтпесе, көлікке обал, мұнда құр ескіріп тұр".
БАҚ бұл көлік туралы біраз шуласқаннан соң Тимати да ойын бөлісуге шешім қабылдапты. 4 ақпан күні музыкант Instagram парақшасында бұл мәселені біржақты қылғысы келетіндігін айтты.
"Барлық құжаттарға қол қоюға дайынмын. Петропавл қаласы айыппұл тұрағының басшысынан көлікті тезірек сатып, қаражатты жергілікті балалар үйіне жіберуді сұраймын. Біздің баспасөз кеңсемізбен тез арада хабарласыңыз. Қазақстандағы өкіліміз сауданы ұйымдастырып, келісімшарттың әділ түрде жасалуына көмектеседі. Рахмет", — деп жазады Тимати.