АСТАНА, 3 ақп – Sputnik. Жамбыл облысында қызын зорлады деп қайнысын 15 жылға түрмеге қаматқан келіншек енді оны ақтап отыр деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Қайнысының қолына кісен салдырған әйелдің айтуынша, үйіне мас болып келіп мазасын алған жігітті сабасына түсіру үшін тәртіп сақшыларына шағым түсірмек болған. Бірақ ішкі істер бөліміне келген келіншекті тергеушілер тентекті жөнге салу үшін ауыр айып тағуға үгіттепті.
"Шығарып береміз қайныңызды, тек бізге арыз түсу керек мына жерге болды деп тұрып алды. Және арыз жазғаныңды үй-ішіңе айтпай-ақ қой деді. Оны жоқ қылып жібереміз деді", — дейді жәбірленушінің анасы.
Ал полицейлер бұл қылмысқа молекулярлық-генетикалық сараптама арқылы көз жеткіздік дегеннен танбай отыр. Яғни жігіт жеткіншекпен жыныстық қатынасқа түспегенімен, әрекеттенген. Оған қыздың ішкі киімінен табылған ДНҚ дәлел екен.
"Анасы мен қызының алғашқы түсініктемелері толықтай расталды. Сараптама нәтижелері бойынша күдіктінің зорламақ болған әрекеті дәлелденген", — Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Бірақ азғын деп танылған азаматты сүттен ақ судан таза деген жақындары оны ақтау үшін апелляциялық шағым түсірді. Сот шешімі жуырда белгілі болмақ.