АСТАНА, 1 ақп – Sputnik. Универсиада-2017 дирекциясының штаттық қызметкері Бауыржан Рафиков сейсенбі күні "Сұңқар" шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде қайтыс болды деп хабарлайды студенттік ойындардың ұйымдастыру комитеті.
"Сұңқар" кешенінде сейсенюі күні 31 қаңтарда трамплиннен секіру жарысы өтуі тиіс еді. Алайда ауа райы қолайсыздығына байланысты жарыстар кейінге қалдырылды. Дегенмен Дирекция қызметкерлері жұмыс орнынан кетпеген, сағат кешкі тоғыздар кезінде 36 жастағы Бауыржан Рафиков есінен танып қалады.
"Қасында болған әріптестері штаттық қызметкердің есін жиғызып алуға тырысады, "Сұңқарда" кезекшілік атқарып жүрген медициналық қызметкерді шақырады", — деп хабарлады Универсиада дирекциясы Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Жедел жәрдем дәрігерлерінің бастапқы қорытындысы бойынша, қазаға жүрек-тамыр қызметінің жеткіліксіздігі себеп болған", — деп түсіндірді дирекцияда. Бауыржан Рафиковтың соңынан анасы, жұбайы мен екі баласы қалды.