АСТАНА, 31 қаң — Sputnik. Сауалнамаға қатысқан еуропалықтардың басым көпшілігі Еуроодақ өз-өзін сыртқы қауіп-қатерден сақтай алмайды, сол себепті Солтүстік-атлантикалық альянс (НАТО) пен АҚШ-тың көмегі қажет деп санайды. Sputnik ақпараттық агенттігі және радиосы үшін Ifop компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесінде осындай көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ны маңызды, бірақ "ескірген" ұйым деп атап, оған реформалар қажеттігін айтқан болатын. Оның айтуынша, альянстағы 28 елдің бесеуі ғана қорғаныс үшін тиісті мөлшерде қаражат бөліп отыр.
Германиядағы сауалнамаға қатысушылардың 63 пайызы ЕО-қа НАТО мен АҚШ-тың көмегі қажет деген пікірді қолдайды. Италияда респонденттердің 65 пайызы тура сондай пікірде. Поляктар да өз-өзін қорғау үшін Еуроодаққа көмек керек деп санайды.
Еуропалық одақ өз-өзін қорғай алады деген пікірді француздардың 30 пайызы, испандардың 33 пайызы және АҚШ тұрғындарының 31 пайызы қолдайды. Ал АҚШ-та сауалнамаға қатысқандардың 48 пайызы еуропалықтарға НАТО мен Америка құрама штаттарының көмегі керек деген пікірде.
ЕО өз-өзін қорғай алады деген пікірді ұстанатындардың үлесі 50 жасқа дейінгі(Испаниядан басқа барлық елдерде, Испанияда – 35 жасқа дейін), жоғары оқу орнын бітірген, әлеуметтік статусы мен жалақысы салыстырмалы түрде жоғары (Польшадан басқасы) респонденттердің арасында көп.
Бұдан бөлек, солшыл партиялардың өкілдері ЕО сыртқы қауіптермен өзі күресе алады деп санайды. Францияда солшыл партия өкілдерінің 40 пайызы (NPA, Сол қаптал, Социалисттер партиясы, т.б.), Испанияда солшыл партия мүшелерінің 43 пайызы және Ұлыбританияда 36 пайызы сол пікірді ұстанады.
Сауалнамаға Франция, Германия, Италия, Испания, Польша, Ұлыбритания және АҚШ-тағы 18 жастан асқан 7043 респондент қатысты.
Sputnik.Пікір туралы мәлімет
Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі халықаралық жоба 2015 жылы қаңтарда іске кірісті. Жоба серіктестері – танымал зерттеу компаниялары Populus, Ifop және forsa. Sputnik.Пікір жобасы аясында ең өзекті әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша коғамдық пікірді білу үшін АҚШ және Еуропа елдерінде сауалнама жүргізіледі.
Sputnik — ондаған елдерде мультимедиялық ақпараттық хабы бар жаңалықтар агенттігі және радиосы. Sputnik агенттігінің 30-дан астам тілдердегі сайттары, аналогтік және сандық көрсетілімдері, ұялы телефондарға арналған қосымшалары және әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Sputnik жаңалықтар лентасы тәулік бойы ағылшын, араб, испан және қытай тілдерінде шығады.