АСТАНА, 27 қаң – Sputnik. Атырау облысының тумасы террорлық іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен Ауғанстанда ұтсалды деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан азаматы Зналиев Дамир Амангелдіұлы 19 қаңтарда ұсталған. 1989 жылы туылған Зналиев Атырау облысының тумасы.
Ауғанстанның құқық қорғау органдары ер адамды Ауғанстанның солтүстік провинциясы Сари-Пулде террорлық іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен ұстады. Бұдан бұрын Қазақстанның сұратуымен Халықаралық полиция желісі бойынша Зналиевке халықларалық іздеу жарияланған болатын деп атап өтті Жайнақов.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның құзыретті органдарымен бірге бұл азаматты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралуда", — деп мәлімет берді Жайнақов Sputnik Қазақстан агенттігіне.