АСТАНА, 27 қаң – Sputnik. "Алматыметроқұрылыс" тағы да қаржы дауының ортасында қалды. Жетісу көліктік прокуратурасының мәліметіне сәйкес, былтырғы жылғы тексеру кезінде қомақты көлемде қаражат қымқырылуы анықталған. Деректер тергеу органдарына берілді.
"Алматыметроқұрылыс" АҚ қызметін тексеру нәтижесінде сатып алынған тауар-материалдық құндылықтар көлемін арттыру арқылы 7,7 миллиард теңгеден артық соманың қымқырылғандығы анықталды. Бұл дерек бойынша мемлекеттік кірістер органдары сот алды тергеу жүргізуде", — делінген прокуратура хабарламасында.
Sputnik Қазақстан ҚР Бас көліктік прокуратурасына мәліметтерді нақтылайтын сұрақтар жіберді, алайда хат Алматы мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметіне жөнелтіліп, ол жерден тергеу жұмыстарының жалғасып жатқандығы туралы жауап келді.