АСТАНА, 26 қаң — Sputnik. Тараз қалалық соты бірнеше жыл бойы досының қыздарын қорлаған ер адамды 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Егіз қыздар бұл жайтты құрбысына айтып берген, ал ол қыз қорқынышты хабарды басқаларға жеткізген. Кейіннен анықталғандай, қыздардың әкесінің досы көрші тұрып, қонаққа жиі келіп тұрады екен.
"Тергеу көрсеткендей, 43 жастағы ер адам бірде-бір мүмкіндікті құр жібермеген. Жасаған азғындығын суретке, бейнеге түсіріп отырған", — деп хабарлайды КТК.
Сотта қылмыстың анық-қанығы әшкереленіп, нәпсіқұмардың телефонында көптеген айғақтар табылған.
Тергеу барысында педофилдің қыздарға үш жасынан бастап айтуға ауыз бармайтын азғындық жасағаны дәлелденді.
Дәрігерлер қыздардың денсаулығын қанағаттандырарлық деп бағалады. Дегенмен, мамандар олардың психикасына алаңдаушылық білдіріп отыр.
"Қыздар болған жайттың бәрін қалыпты нәрсе деп ойлаған", — деп атап өтті телеарна.
Ер адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ бірінші инстанция сотының үкіміне шағым түсірмекші. Сотталған азаматтың әйелі мен кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар.