АСТАНА, 25 қаң — Sputnik. Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев Қазақстанда болуы мүмкін президент, үкімет және парламент арасындағы билікті қайта бөлу туралы пікірін білдірді.
"Меніңше, қалай болғанда да, Қазақстан президенттік республиканы қолдауы тиіс. Дегенмен үкімет пен парламенттің елдегі болып жатқан ахуалға жауапкершілігін күшейтпесе болмайды. Әсіресе, нақты министрлер мен жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Сол себепті өкілеттіктің қандайда бір бөлігі берілетін де шығар, комиссия мұны қарастырып жатыр", — деді Әшімбаев сәрсенбі күні тілшілерге.
Сонымен қатар, Әшімбаевтың пікірінше, өз бетінше заң жобаларын ұсына алуы үшін депутаттарға біраз дербестік беру керек.
"Депутаттар қызметінің кемшілігі – бізде заң жобаларын дайындау үшін үкімет және министрліктермен салыстырғанда аналитикалық, интеллектуалдық ресурстар өте аз", — дейді Әшімбаев.