АСТАНА, 24 қаң — Sputnik. Сот Бигелді Ғабдуллинді мүлкін тәркілеусіз бес жылға бостандығын шектеп, пробациялық бақылау орнату туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Сот отырысы жартылай жабық тәртіпте өтті. Сот журналистерге процесс кезінде аудио-, фото- және бейне түсірілім жасауға тыйым салды.
"Айыпталушы 194-баптың 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бос бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. Пробациялық бақылау орнатылсын. Бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы тілхатқа өзгертілсін. Сот залында бірден босатылсын", — деп оқыды үкімді судья Ыдырысов.
Аты шулы медиа дау 2016 жылғы қарашада басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 15 қараша күні Central Asia Monitor және Radiotochka.kz бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің бопсалау дерегі бойынша ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, Ғабдуллин қарауындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты абыройын түсіру және жағымсыз материалдар жариялау жолымен ақпараттық шабуылды үдеткен. Осыдан кейін Ғабдуллин сынды азайтқаны үшін лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған.
Төртінші қаңтарда Ғабдуллинге қатысты іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан аралық сотқа келіп түсті. Бигелді Ғабдуллинге ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігі 2-пункті бойынша айып тағылған. Бір апта өткен соң Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мухамедьяров айыпталушының зардап шеккен тұлғаларға 20 миллион 625 мың теңге көлемінде келтірілген зиянды толық өтегенін хабарлады.
Ғабдуллиннің ісінде Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері зардап шегуші ретінде өтіп жатыр. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алу үшін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтан, Астана әкімі орынбасары Ермек Аманшаевтан, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан ақша бопсалаған.