АСТАНА, 23 қаң – Sputnik Қазақстандықтарға наурыз айының ортасына дейін уақытша тіркеудің болмағаны үшін айыппұл салмайды, деп хабарлады Қазақстан ІІМ миграциялық полиция департаментінің басшысы Серік Саинов.
Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді. Оның құрамына азаматтардың міндетті уақытша тіркелуі де кіреді, бұл жалға берушілер, жалға алушылар мен тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын азаматтарды қамтиды. Бұл норма Халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүрлікпе туғызып, шенеуніктер сынға ілінді. Бұдан бөлек бірнеше апта бұрын ХҚКО-да уақытша тіркеуге тұруға келген екі адам көз жұмды.
"Наурыздың ортасына дейін тіркеуге тұру тексерілмейді және әкімшілік жауапкершілікке ешкім тартылмайды. Наурыздың ортасына дейін тіркелуге уақыт бар", — деді Саинов брифинг барысында.
Өткен аптада уақытша тіркеу қызметі онлайн тәртібінде қолжетімді болды.