АСТАНА, 23 қаң — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы елшісі Стаффан де Мистурамен кездесті деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша өткізілетін келіссөздерді талқылады. Елбасы Астананың келіссөздерді өткізуге әзір екендігін айтып, қатысушыларға барлық жағдайдың жасалғандығын атап өтті.
"Тараптар, біз секілді, болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылық білдіреді деп үміттенемін. Сарапшылардың айтуынша, қақтығыс басталғалы бері 300 мыңнан астам адам ажал құшты. Мұның бәрі мәселенің бейбіт түрде ғана шешілетініне үміт артуға итермелейді", — деді Назарбаев.
Стаффан де Мистура Қазақстан Президентіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш атынан Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
"Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең қиын ахуалдарды реттеуде үлкен тәжірибе мен үлгі көрсете білді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуы сириялық қақтығысты шешудің қосымша мүмкіндігі болады", — деп атап өтті Стаффан де Мистура.