АСТАНА, 19 қаң – Sputnik. Гуанчжоудың апелляциялық соты сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша шешімді 27-28 ақпанда шығарады, деп хабарлады журналистерге қыздың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында есірткі заттарын тасымалдады деген күдікпен ұсталған болатын. 2015 жылы маусымда сот 21 жасар қызды ірі көлемде есірткі контрабандасына кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға соттады. Апелляциялық инстанция соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді жойды. 2 қарашада Гуанчжоу қаласында Тұрлыбайдың ісі бойынша апелляциялық тыңдау болды. Оның қорытындысы бойынша алқа шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткен.
"Бұған дейін сот отырысы 27 немесе 28 ақпанға белгіленген болатын. Біз аталған уақытта өтеді деп отырмыз", — деді Сұңқар Нұрмағамбетов. Мерзім өзгерген жағдайда адвокат жаңа ақпарат беруге уәде етті.