АСТАНА, 19 қаң – Sputnik. Павлодар облысы Железин ауданындағы жалпы орта білім беру мектебінің бесінші сынып оқушысы өз үйінде асылып қалған күйі табылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Павлодар облысының ішкі істер департаментінде.
10 жасар ұлының жансыз денесін жұмыстан келген анасы көрген. Баланың әкесі Әлібек әйелі екеуі баласының неліктен өзіне қол жұмсағанын білмейтінін айтты. Оның зайыбы болған оқиғадан кейін есеңгіреп қалған. Бүгін олар баланың денесін мәйітханадан алған. Ертең жерге қояды.
Агенттіктің тілшісіне Железин ауданындағы аудандық білім беру бөлімінде хабарлағандай, қаза тапқан баланың отбасы бақуатты. Мектепте жақсы оқыған. Сыныптастарымен арасы жақсы болған. Оған қатысты ешқандай шағым түспеген. Отбасыда тағы бір екі жасар бала өсіп келеді.
Полицияның хабарламасына сәйкес, қазір "Өзіне өзі өлтіруге жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында сот медициналық сараптамалар тағайындалып, болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Полицейлердің хабарлауынша, өлім алды хат қалдырылмаған.