АСТАНА, 16 қаң — Sputnik. Алматы тұрғындары жүк ұшағы құлаған Бішкек маңындағы саяжай ауылының тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау бастады.
"Құрметті достар! Бішкекте қайғылы оқиға орын алды. 23 үй қирап, адамдар мен балалар зардап шекті. Біз зардап шеккен бауырларымызға гуманитарлық көмек жинау туралы шешім қабылдадық! Жылы киімдер, консервілер, жармалар, макарон өнімдері, жаялықтар, жеке гигиена заттары, көрпелер қажет. Заттарды іріктейтін жігіттердің жұмысын көбейтпеу үшін жаңа немесе жақсы жағдайдағы заттарды әкелуді өтініп сұраймыз", — деп жазды Facebook пайдаланушысы Адель Смит.
Сонымен қатар бүгін күндізгі сағат үште алматылық "Ритц Палас" сауда ойын сауық орталығында ашылған жинау орны көрсетілген.
Sputnik Қазақстан орында жұмыс істеп жатқан "Мен алматылықпын" қоғамдық бірлестігінің өкілі Арман Шегеновпен байланысты.
"Мен алматылықпын" ұйымы осының барлығын ұйымдастырып отыр, адамдар мүмкіндігіне қарай әкеліп жатыр. Жарты сағат ішінде төрт адам келді. Қазір біреулер жолда келеді. Шараның неше күнге созылатынын мен білмеймін. Сосын бұл заттар жүк көлігімен немесе басқа жолмен жөнелтіледі. Мұны басшылық шешетін болады. Мен көмек жинап, адамдарды жазып отырмын", — деді ол телефон арқылы.
Boeing 747-400 жүк ұшағы "Манас" халықаралық әуежайынан 1,5 километрдей жерде апатқа ұшырады. Ұшақ әуежай маңындағы саяжай ауылға құлаған, апат барысында 32 үй қирады. Boeing Гонконг-Бішкек-Стамбул маршруты бойынша рейсті атқарған. Экипаж құрамында бес адам болған екен. Жалпы құрбандар саны – 37 адам.