АСТАНА, 14 қаң — Sputnik. Ресей АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың әкімшілігін Астанада өтетін Сирия бойынша келіссөздерге шақырды деп жазады РИА Новости Washington Post газетіне сілтеме жасап.
Басылымның берген мәліметі бойынша, шақырту АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флинн мен РФ АҚШ-тағы елшісі Сергей Кисляктің телефон арқылы сөйлесуі барысында жасалған. Газеттің жазуы бойынша, телефон арқылы әңгімелесу 28 желтоқсан күні болған.
"Қазіргі уақытта АҚШ-тың кездесуге келуіне байланысты ешқандай қосымша ақпарат жоқ", — депті Трамптың командасындағы дереккөз. Оның мәліметінше, әңгіме барысында нақты шешім қабылданбаған.
Мемлекеттік департамент өкілі Марк Тонер АҚШ-тың Астанадағы Сирия бойынша келіссөздерге ресми шақырту алмағанын алға тартады. Бірақ осы бастама бойынша Түркия және Ресеймен үнемі байланыста отырғандығын жоққа шығармайды.