АСТАНА, 11 қаң — Sputnik. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов жаза өтеу мерзімін қысқарту туралы өтініш берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға соттың баспасөз қызметі.
"Серік Нығметұлы Ахметов жазасын өтеп жатқан мекемеден 2016 жылғы 12 желтоқсандағы ҚР рақымшылық жасау туралы ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күнінен бастап оның жазасының өтелмеген төрттен бір бөлігін қысқарту туралы өтініш берді", — деп хабарлады Абай аудандық сотының БАҚ-пен жұмыс үйлестірушісі Ардақ Жұмашев.
Өтініш тіркеліп, судьяға жолданды.
2015 жылы желтоқсан айында Ахметов ірі көлемдегі ұрлаулар мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Бұдан бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламентке "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық туралы" заң жобасын енгізген.
Рақымшылық әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар тобына, жасөспірімдерге, аяғы ауыр әйелдерге, жасөспірім немесе мүгедек балалары бар әйелдерге, жасөспірім балалардың жалғыз басты әкелеріне, І, ІІ және ІІІ топтық мүгедектерге, 50 жастағы және одан асқан әйел адамдарға, 60 жастағы және одан асқан ер адамдарға, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне немесе соларға теңестірілген тұлғаларға, әскери немесе халықаралық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жұбайларына, соғыс мүгедегі немесе соған теңестірілген тұлғалардың жұбайларына қатысты жүргізіледі.