АСТАНА, 9 қаң – Sputnik. Алматы облысында мұғалімнің оқушыны соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды өңірлік ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бейнежазбасы əлеуметтік желіде тараған оқиға Іле ауданы Байсерке ауылының №9 жалпы білім бері мектебінде орын алған. 23 желтоқсан деп көрсетілген бейне бір күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланды. Белгілі болғандай, ауданның үздік мұғалімдерінің бірі деп саналған Мира Мамедалиева осы мектепте оқитын қызын ренжіткен оқушыны ұра бастаған. Оқиғадан кейін мұғалім жұмысынан кеткен.
"Іле аудандық ІІБ-де жетінші сынып оқушысын ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстықіс тергеліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша қозғалған қылмыстық өндірістің материалдарында күдікті тұлға ретінде осы мектептің химия пәнінің мұғалімі өтіп жатыр, — деп атап өтті Алматы облысы ІІД өкілі Көбейхан Нұрахметі.
Полицияның хабарлауынша, оқиғаның қоғамдық шу туғызуына байланысты қылмыстық істі тергеу Облыстық департаменті Тергеу басқармасының ерекше бақылауына алынған.
.