АСТАНА, 8 қаң – Sputnik. Тайландтың Самуи аралында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан жолдар судың астында қалып, жергілікті әуежайдан ұшатын бірқатар рейстердің ұшуы тоқтатылды, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, аралда Қазақстаннан келген туристер көп емес. Олардың барлығы туристік операторлармен байланыста.
"ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті Самуи аралында жүрген қазақстандықтарға сабып сақтап, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріп отыр: дүрбелеңге бой алдыртпай, жергілікті биліктің барлық нұсқауларын орындауға шақырамыз", — делінген жарияланған хабарламада.
Департамент Таиландқа жолдама сататын туристік фирмаларды ол жердегі метеорологиялық жағдайды жіті қадағалап, ауа-райының бұзылуы жайында туристерді шұғыл түрде xабардар етуге үндеп отыр.
Туризм индустриясы департаменті жағдайды бақылап, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігімен тікелей байланыс ұстап отыр.