АСТАНА, 1 қаң — Sputnik. Бастапқы берілген мәлімет бойынша, Стамбулдағы түнгі клубта болған терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің ішінде Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Бастапқы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Біздің дипломаттар жергілікті құқық қорғау органдары және қалалық әкімшілікпен хабарласып, қажетті деректерді анықтау жөнінде жұмыстар жүргізуде", — деп мәлімет берді Жайнақов Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Санта-Клаус боп киінген адам Жаңа жыл түні Стамбулдағы Reina түнгі клубында қонақтарға шабуыл жасады. Соңғы мәліметтер бойынша, шабуыл нәтижесінде 39 адам қаза тауып, 69 адам жарақат алған. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқан 21 адамның ғана кім екені анықталды, олардың 16-сы шетелдік, бесеуі Түркия азаматтары. Түркия ІІМ болған оқиғаны теракт деп атады. Қазіргі уақытта шабуыл жасаған адам іздестірілуде.