АСТАНА, 29 жел — Sputnik. Жарылып кеткен iPhone-ның кесірінен 30% дене күйігін алған Ақтөбе тұрғыны Ардақ Орынбасарова Apple өкілдерінің туыстарына хабарласқандығын мәлімдеді деп жазады жергілікті "Диапазон" басылымы.
Өрт үй ішінде сағат түнгі үш кезінде шыққан, Ардақ ол кезде ұйықтап жатады.
"iPhone 5S тоққа қосылып тұрмаған болатын (БАҚ бұдан бұрын телефонның зарядталып тұрғанын жазған), ол төсектің жанында жатты, — дейді Ардақ. – Таңертең бір шараға баруым керек болатын, сол себепті барлық заттарымды даярлап қойдым, тіпті тонымды да ілгіштен алып қойған едім. Түнде біреу итеріп жібергендей болды. Оянсам, төсек жанып жатыр екен. Өрт айфоннан шықты, бірақ ол тоққа қосылып тұрмаған болатын. Зарядтайтын құрылғы өрт кезінде жанып кетті. Ұялы байланыс салонының қызметкерлері келіп кетті. Бұл оқиғадан пайда көргім келіп отырған жоқ, тек не болғанын анықтағым келеді".
Бұл оқиға Мәскеудегі Apple өкілдігін елең еткізді, олар "Диапазон" арқылы зардап шегушіні іздепті. Сәрсенбі күні қыздың туған-туыстарымен хабарласқаны белгілі болды.
Ардақтың ауруханада жатқанына бір аптадан асты, дәрігерлердің айтуынша денесінің 30%-н күйік шалған екен: қол-аяғы, арқасы және беті.