АСТАНА, 28 жел — Sputnik. Мәжіліс депутаттары әлеуметтік желіде тарап кеткен аты шулы бейненің басты кейіпкеріне айналған әріптестері Мұхтар Тінікеевтің өз еркімен өкілеттігінен бас тартуына қатысты көзқарастарын білдірді.
Гүлжан Қарағұсова адам әрқашан қоғамда өмір сүретінін ұмытпауы тиіс деп мәлімдеді.
Депутат Глеб Щегельскийдің берген мәліметі бойынша, Тінікеев туған үйі – Қарағандыға кетіпті. 90 жасқа келген анасы ауырып қалса керек.
Мәжілістегі депутат этикасы жөніндегі кеңестің төрағасы, депутат Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, кеңес мүшелері Тінікеевтің өкілеттігінен бас тарту туралы шешіміне құрметпен қарайды.
"Ол өзі келіп өтініш берді. Жасаған әрекетін түсініп, ой елегінен өткізіп, өкілеттігінен бас тарту туралы өтініш жасады. Меніңше, бұл батыл қадам. Ол өзін ақтауға тырысқан жоқ", — деді ол.
Сонымен қатар, Сұлтановтың пікірінше, депутатқа мұндай қылық жараспайды, болған оқиға басқаларына сабақ болуы тиіс.