АСТАНА, 26 жел — Sputnik. Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясын парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызметке Бақтықожа Ізмұхамбетовтың орнына келді. Бұдан бөлек, бүгін федерацияның басқарушы органы сайланды. Бас хатшы болып Данияр Абулғазин тағайындалды.
"Алда 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада жарыстары бар. Үстел теннисінен нәтижелерді жақсарту үшін бірлесіп талай тер төгуіміз қажет. Сол себепті өңірлердегі материалдық-техникалық базаны нығайтып, аймақтық федерацияларды дамытуға, бапкерлер құрамының біліктілігін арттыруға, спортшылардың жаттығуына бар жағдай жасауға, халықаралық ынтымақтастықты дамытып, үстел теннисінің әлемдік спорттық аренасында Қазақстанның алатын орнын нығайтуға көңіл бөлу керек деп санаймын", — деді Тоқаев.
Федерацияның басты мақсаттарының бірі – үстел теннисін насихаттау, бұл спорт түріне жалпыхалықтық сипат беру.