АСТАНА, 25 жел – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлайды Ақорда сайты.
Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі ұшағының Сочи қаласы маңында апатқа ұшырауы салдарынан Ресей азаматтарының қаза болғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Ресей халқына көңіл айтты.
РФ Қорғаныс министрлігі жексенбі күні таңертең Ту-154 ұшағының радардан жоғалып кеткендігін хабарлаған еді. Қорғаныс министрлігі ұшақтың сынықтары Қара теңіз жағалауынан 1,5 километр қашықтықта, 50-70 метр тереңдікте табылғандығын мәлімдеді.
Әскери ведомствоның берген мәліметінше, ұшақтың бортында 93 адам болған – сегіз экипаж мүшелері мен 85 жолаушылар, олардың ішінде сегіз әскери қызметкер, Александров атындағы ән және би ансамблінің 65 әртісі болған. Олар РФ ӘҒК-нің әуе тобын Жаңа жылмен құттықтау үшін Сириядағы Хмеймим әуе базасына бара жатқан. Сонымен қатар, жолаушылар арасында Ресей БАҚ-ның тоғыз өкілі, "Справедливая помощь" қайырымдылық қорының басшысы, Доктор Лиза деген атпен белгілі Елизавета Глинка, екі федералдық мемлекеттік қызметкер болған. Борта қызметкерлерінің болғандығын Первый канал, НТВ және "Звезда" хабарлады.