АСТАНА, 22 жел — Sputnik. Американдық кәсіби боксшы, Олимпиаданың күміс жүлдегері және көптеген атақтардың иегері кіші Рой Джонс Қазақстанның бірнеше қалаларында болып, пойызбен қыдырып, тымақ киіп көрді және Sputnik Қазақстан тілшісімен таңғы ас ішті.
Бокс аңызы Қарағандыда өтіп жатқан Ғалымжан Жарылғаповты еске алуға арналған жыл сайынғы халықаралық турнирдің құрметті қонағы болуы үшін Қазақстанға екінші рет келіп отыр.
Қыл қолғап шебері Қарағандыдан Астанаға жол тартты. Суық ауа райы мен тас жолдардың жабылуы шетелдікке қазақстандық темір жолмен серуендеуге себеп болды. Елордаға кәдімгі пойызбен келген спортшы саяхаттың өзіне ұнағанын айтты. Алайда, ол "спортшы үшін Қазақстанға сапар – денсаулығына қауіпті" екенін атап өтті.
Танымал америкалық боксшы Рой Джонстың өздерімен көрші болып келе жатқанын білген пойыз жолаушылары одан қолтаңба алып, естелік селфи жасауға асыққан. Бокс жұлдызының қызығушылық танытқан бір адамға да жоқ демегенін атап өткен жөн.
"Менімен суретке түскілері келгенде тұрған жаман ештеңе жоқ деп санаймын. Мен қарапайым адаммын. Олар маған жол жүріп келді және олардың бетін қайтаруға болмайды", — дейді Рой Джонс Spunik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Боксшымен кездесуге бірден сәт түскен жоқ: хаттамалық кездесулер, телевизиялық шоуға қатысу, оның шаршауы тосқауыл болды. Бірақ оларды еңсеру мүмкін болды. Қазақ жеріне келгелі бері бокстың миллиондаған табынушыларының кумирінің ұйқысы қанбай жүр екен. Бұл ретте бәрінен бұрын боксшыны қазақтың қонақ жайлығы мен дәмді асы таң қалдырған.
"Сіздердің астарыңыз өте дәмді. Маған бесбармақ ұнады", — дейді спортшы.
Қазақстан туралы Джонс біздің жерлесіміз – Геннадий Головкиннің жеңістерінен кейін біле бастаған.
"Қазір Қазақстан туралы Америкада бәрі біледі, ол GGG-дің арқасында барлығының аузында", — деді әңгімелесуші.
Әңгіме бокс пен Геннадий Головкин туралы өрбігенде, аздап ұйқысы қанбаған боксшы жадырай түсті. Ол біздің танымал жерлесіміздің жекпе-жектерін мұқият қадағалап отырады екен. Әңгімелесушінің пікірінше, Головкиннің бокстық кәсіби Олимптың шыңы мен чемпиондық белдеулеріне қол жеткізуіне кедергілер болмауы тиіс.