АСТАНА, 22 жел – Sputnik. ҚР парламенті сенатының депутаттары бейсенбі күні жалпы отырыста "Ерікті қызметі туралы" заң қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі тілшісі.
Бұдан бұрын мәжіліс депутаты Гүлнәр Иксанова мәлімдегендей, әр түрлі еріктілер қозғалысы қарыштап дамып келеді, еріктілер ұйымдары пайда болуда. Екінші жағынан, бұл мәселелер нормативтік-құқықтық жағынан мүлдем реттеліп отырған жоқ десе болады.
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізер алдында еріктілер топтарын құру жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Ең белсенді, ең ірі желілік ұйымдардың арасында Ұлттық еріктілер желісі, Қазақстан еріктілер альянсы, Қазақстанның скауттық қозғалысы аталып жүр дейді Иксанова.
Заңнама еріктілер қызметі мен азаматтық қоғам институттары және мемлекеттік билік органдары, жергілікті басқару органдары арасындағы қоғамдық қарым-қатынасты жүйелейді. Сонымен қатар, еріктілер қызметін көтермелеу мен ынталандырудың бейэкономикалық әдістерін, еріктілерді материалдық-техникалық қолдау механизмдерін, сондай-ақ тиімді еріктілік бағдарламаларды жүзеге асырушы ұйымдар мен жобаларды көтермелеу тәсілдерін қарастырады.