АСТАНА, 21 жел – Sputnik. Аты шулы бейнежазбаға түсті деп болжанып отырған мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев қазіргі уақытта жүрек сырқатына байланысты елордалық ауруханалардың бірінде қаралып жатыр деп хабарлады әріптесі – депутат Глеб Щегельский Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Ол қазір аппаратпен тексеріліп жатыр, оны жүрек қызметіндегі кінәратты анықтау үшін бір тәулікке қояды. Алғашқы қорытындысы ертең белгілі болады, ертең бір тәулік ішінде мониторингті түсіндіруі тиіс", — деді Щегельский Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне сүйенсек, Тінекеев бүгін 21 желтоқсанда Германияға ұшу үшін бір апта бұрын сұранған екен.
"Бірақ оған мүмкіндік болмады. Кеше ауруханаға жатқызылды. Ұшуға денсаулығы жарамағандықтан, билеттерін өткізді. Германияға қаралу үшін бармақшы болатын", — дейді Щегельский.