АСТАНА, 14 жел – Sputnik. Астанаға ірі бизнес делегациясымен бірге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келді, бәлкім, сол себепті елордада ауа райы күрт жылынған болар.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Twitter парақшасында Израиль премьері Биньямин Нетаньяху мінген ұшақ Астанаға келіп қонды деп хабарлады. Премьер-министр қалаға да, елге де алғаш рет сапар шегіп отыр.
Елордада ауа райы күрт жылынды: ауа температурасы нөлден жоғары, көшеде қар еріп, көктайғақ болуда, сондай-ақ қар аралас жаңбыр жауып тұр.
Қазақстанның бас қаласы шетелдік лауазымды шенеуніктердің келуіне орай ауа райын күрт өзгертуді әдетке айналдырғандай. Қарашада словак СІМ басшысы Астанаға іссапармен келді, сол кезде Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов әріптесіне "тамаша ауа райын" ала келгені үшін алғысын жеткізген.