АСТАНА, 13 жел — Sputnik. Астана-Щучинск тас жолының жабылуынан Щучинск және Ақкөл қалалары аумағында пайда болған көлік кептелісі таратылды. Бүгін барлық тас жолдар ашық деп хабарлады Ақмола облысы ТЖД Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Кешегі жағдай оңай болған жоқ. Астана-Щучинск тас жолы телімі таңғы сағат тоғыздан бастап жабық болды. Соның салдарынан Щучинск және Ақкөл қалалары аумағында көлік кептелісі туындады. Барлығы 765 көлік жиналды", — деді департамент баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта көлік кептелісі таратылды, бүгін барлық тас жолдар ашық.
"Кешке қарай (12 желтоқсан) ТЖД қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі автокөліктерді колоннаға бөліп, Щучинскіден Астанаға дейін, Ақкөлден Щучинскіге дейін жеткізіп салды. Бірінші ағымда – 171 көлік, екіншіде – 195, үшіншіде – 250-ден астам көлік болды. Барлығы 677 көлік, оның ішінде 23 автобус жеткізілді", — деп хабарлады баспасөз қызметі.