АСТАНА, 12 жел – Sputnik. Қазақстанда мұнай алу көлемін азайту Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы кен орындарында, сонымен қатар Маңғыстау облысындағы бірқатар кен орындарында мұнай шығару көлемін қысқарту арқылы жүзеге асырылады деп хабарлады ҚР энергетика министрлігі баспасөз қызметі.
Вена қаласында 10 желтоқсан күні ОПЕК елдері мен ұйымға кірмейтін мемлекеттердің министрлік отырысы өтті. Бұл іс-шараға 25 ел қатысты, олардың 14-і ОПЕК құрамына кіреді, ал 11-і картельден тыс елдер. Нәтижесінде, елдер мұнай алу көлемін өзара келісіп төмендету туралы келісімге келді.
Қазақстан мұнай алу көлемін төмендету үшін қарашадағы деңгейді негізге алады, себебі бұл айда Қашаған кен орны коммерциялық мұнай алу деңгейіне көтерілді. Қарашадағы мұнай алу көлемі тәулігіне 1,7 миллион баррелді құрады. Республика мұнай алу көлемін тәулігіне 20 мың баррелге қысқартуға шешім қабылады. Келесі жарты жылда Қазақстан орташа айлық мұнай алу көлемін тәулігіне 1,68 миллион баррель деңгейінде ұстап тұруға тиіс.
Тәулігіне 20 мың баррельге қысқарту Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы кен орындарында, сонымен қатар Маңғыстау облысындағы бірқатар кен орындарында мұнай шығару көлемін шектеу арқылы жүзеге асырылады.
Ведомствоның айтуынша, Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған), Теңіз және Қарашаған сияқты ірі жобаларда мұндай шектеулер жүргізілмейді.