АСТАНА, 10 жел — Sputnik. Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада көмір өз-өзінен тұтанып кеткен деп хабарлайды "АрселорМиттал Теміртау" АҚ.
ТЖ 9 желтоқсан күні сағат 23:35-те лаваның жоғары қабатымен түйісетін шектелген аумақта тіркелген.
"Апат кезінде шахтада 178 адам болған, олар тау құтқарушылары жеткенше, шахтадан өз беттерімен шыққан. Апат болған аумақта жұмыс істейтін бүкіл қызметкерлер медициналық тексеруден өтті. Кеншілердің денсаулығы қанағаттандырарлық, улану белгілері анықталмады", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тұтану салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін оқиға себептері анықталатын болады.