АСТАНА, 8 жек — Sputnik. Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы жанынан бірыңғай экспорт орталығын құруды ұсынады, деп хабарлады бейсенбіде "Атамекен" ҰКП төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
"Біз үнемі әр министрліктің өз экспорт орталығының болмауы қажет екенін айтып келеміз: бізде бүгінгі таңда Kaznex Invest (экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік) бар, "ҚазЭкспортГарант" бар, ол да іс жүзінде экспорт мәселелерімен айналысады. Енді міне Ауыл шаруашылығы министрлігі "Азықтүліккорпорациясы" жанынан өз экспорттық ұйымын ашуды ұсынып отыр. Бұған қоса "Бәйтерек" қорының экспортты алға жылжытуымен айналысатын өз ұйымы бар", — деді Әлтаев журналистерге Ұлттық палата президиумының кеңейтілген отырысының сыртында.
Нәтижесінде, оның сөзіне қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев назар аударған бұл құрылымдар әрекеттерінің басы бірікпеушілігі мен үйлесімсіздігі туындайды.
Сейсенбі күні мемлекет басшысы индустриаландыру жөнінде ұлттық телекөпір өткізу кезінде Қазақстанда бүкіл әлем бойынша экспортты алға жылжытумен айналысатын бір мемлекеттік орган болуы тиіс деп мәлімдеген. Назарбаевтың пікірінше, бұл мақсаттарға сыртқы істер министрлігі сәйкес келеді. Оны елбасы сыртқы істер және сауда министрлігіне өзгертуді ұсынды.
"Біз мемлекет басшысының бұл ұсынысын әбден қолдаймыз, өйткені Сыртқы істер министрлігінің барлық елдерде өз дипломаттары мен дипломатиялық өкілдіктері бар. Белгілі бір команда бар, осы елдерде сауда өкілдері бар. Енді экспорт орталығын құру қажет. Біз оны СІМ базасында құрған дұрыс деп санаймыз", — деді Әлтаев.