АСТАНА, 6 жел — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елде жүргізіліп жатқан мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті күйеу жігітін күткен қалыңдыққа теңеді.
Сейсенбі күні үкімет отырысында министрлердің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін, Сағынтаев Қазақстанда МЖМӘ жүзеге асыру бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті: нормативтік-құқықтық база құрылды, процедуралар жеңілдетілді, өңірлерге дербестік берілді.
"300-дей жобаның барын көріп отырмыз, баяндамалар жақсы. Дегенмен мынадай сөз бар емес пе: " Қалындық ұзатуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ". Біз қазір дәл осындай жағдайда тұрмыз. Қаншама жылдан бері айтып келеміз, үнемі заңдарды өзгертеміз, бірақ бәрі бір жоспар жоспар күйінде қала береді", — деді Сағынтаев отырыста.
Сағынтаевтың айтуынша, бұл бағытта қарқынды еңбек ету керек. "Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша жұмыс жүрмей жатыр деп мемлекет басшысынан жиі сөз естиміз", — деп қорытты премьер-министр.