АСТАНА, 6 жел — Sputnik. "Самұрық Қазына" қоры басқармасының төрағасы Өмірзақ Шүкеев қордың еншілес компанияларының IPO-ға шығу кестесі туралы әңгімеледі.
"Самұрық Қазынаның" негізгі активтері IPO арқылы жекешелендірілетін болады, бұл активтерді жүзеге асыру кестесі бекітілді.
"Мәселен, "Эйр Астана" компаниясы IPO-ны конъюнктура нарығына сәйкес 2017 жылдың аяғында немесе 2018 жылдың бірінші жартысында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Екінші акционермен бұл мәселе келісілді. Нәтижесінде қор меншігінде 25 плюс 1 дауыс беруші акциялардың тосқауылдаушы акциялар пакеті ғана қалады", — деді Шүкеев сейсенбі күні үкімет отырысында.
Оның айтуынша, үкіметаралық келісімдерге сәйкес акциялардың 51%-ы қазақстандық акционерлердің қолында қалуы тиіс. Шүкеев еске сала кеткендей, "Қазақтелеком" компаниясының 49%-ы жеке меншікте. 2017 жылдың соңына қарай компанияны IPO-ға әзірлеу жоспарланып отыр. "Қазатомөнеркәсіп" компаниясында IPO 2018 жылдың бірінші жартысында жүргізілмек, акциялардың 25%-ы сатылады.