АСТАНА, 5 жел – Sputnik. Астанада "ақ жағалылар" арасында бокстан турнир өтеді; бұл жарыс Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізіледі деп хабарлады турнир ұйымдастырушысы, "Arena Boxing Club" клубының директоры әрі бапкері Данабек Сужанов.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бокстан бизнесмендер мен кеңсе қызметкерлері арасындағы жарыс "Астана-Арена" стадионы ғимаратында орналасқан "Arena Boxing Club" клубында 2016 жылы 8-11 желтоқсан аралығында өтеді.
Турнирге қатысуға 50-ден астам өтініш келіп түскен. Астана тұрғындарынан басқа, Қазақстанның өзге қалаларының өкілдері де турнирге қызығушылықтарын білдірді: Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған және Семей.
"8 желтоқсан күні топтық іріктеу өткізіп, қатысушылардың деңгейін анықтаймыз. Келесі күні турнирдің ашылу салтанаты мен бастапқы жекпе-жектер өтеді, ал 10 желтоқсанда жартылай финал болады. Финалды бокстың салтанатты кеші ретінде өткізуді жоспарлап отырмыз, ол 11 желтоқсанда болады, басталуы – 16:00", — деді Сужанов.
Жарыстың құрметті қонақтары ретінде танымал қазақстандық боксшылар Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Василий Левит пен Иван Дычко шақырылды.