АСТАНА, 5 жел – Sputnik. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың суретін БАҚ-да жариялауға тыйым салынуы мүмкін деп хабарлады ҚР ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев.
"Біз белгілі бір жастағы зорлық-зомбылық көрген балалардың суретін жариялауға тыйым саламыз. Бұл жұмыс заң шығару деңгейінде жүргізіліп жатыр. Келесі жылы заң шығару бастамасымен алдарыңызға келеміз", — деді Абаев мәжілістегі үкімет сағатында.
Министр айтып өткендей, 12 жасқа дейінгі балалар суретін жариялауға тыйым салынуы мүмкін.
"Бұл туралы заңгерлермен ақылдасып, қашан, қай жас аралығын қамтуы керектігін талқылап жатырмыз. Ата-аналар да, заң өкілдері де бұл жағдайдың он жылдан соң балалар өміріне қалай әсер ететіндігі туралы ойлана бермейді", — деді Абаев тілшілерге.
Оның мәліметінше, бұл жаңа енгізулер келесі жылы мамыр айында парламентте ұсынылатын болады.