АСТАНА, 2 жел — Sputnik. ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасауға тыйым салынатын баптардың тізімі ұлғайтылуы мүмкін, деп хабарлады ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель.
"Сіздер атаған баптар бойынша, әзірге рақымшылық жасауға тыйым салынған", — деді Меркель, журналистердің бейбіт жиындар мен митинг ұйымдастырғаны, ұлтаралық араздықты қоздырғаны және жалған лаңкестік үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінеді ме деген сұрағына.
Алдын ала болжам бойынша, Қазақстанда 1,8 мыңға жуық адам рақымшылықпен бостандыққа шығуы мүмкін.
Бұл баптардың рақымшылыққа тыйым салынған тізімге кіріп кірмеуі туралы соңғы сөзді депутаттар айтады.
"Біз барлығымызға потенциалды қауіп төндіретін тұлғаларға рақымшылық жасамауды ұсынамыз. Бұл кісі өлтіргендер, зорлық қылмысын жасаған, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандар. Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне соқтырған абайсыз қылмыстар. Әрине бұл негізінен жол апаттарына қатысты. Біз сіздердің қарауларыңызға осы тұлғалар санатына рақымшылық қолданбауды ұсынамыз", — деп түйді Меркель.
Бұдан бұрын, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламенттің қарауына "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын енгізді. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары палатаның сәрсенбідегі жалпы отырысында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикада рақымшылық жасау туралы заң жобасын өндіріске алды.