АСТАНА, 1 жел – Sputnik. Жалған терроризм қылмысы бойынша сотталған Юрий Пактың зайыбы Ольга апелляциялық сот күйеуінің үкімін өзгеріссіз қалдырғаннан кейін екі күн өткен соң, отбасының өмірін "тозаққа айналдырғандарға" ашық хат жазды.
"Мен екі жыл бойы отбасымыздың өмірін тозаққа айналдырып, онда табысқа жеткендерге хат жазғым келіп отыр", — деп жазды Ольга Пак өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
"Бүгін мерекелік күні, кешке немесе күндіз сіздер және сіздердің әйелдеріңіз/күйеулеріңіз сәнді киімдеріңізді киіп, қымбат көлікке мінесіздер де, жақсы мейрамханаға барасыздар. Ол жерде сіздер дәмді ас үстінде, сусындар ішіп, әділеттік, абырой туралы әңгіме қозғай отырып, сонда жиналғандарға денсаулық пен амандық тілейсіздер… Біреуіңіз де, сіздермен жала жабылған, үміті үзіліп кінәсіз түрмеде отырған адам туралы естеріңізге алмайсыздар. Сіздер оның отбасы, балалары мен қайтыс болған анасы туралы ойларыңызға да алмайсыздар. Сіздер үшін ол жәй ғана өкінішті түсінбестік. Оның кесірінен сіздерге облыс деңгейінде қаншама кеңесуге, бәлкім жоғары тұрғандардан жағымсыз сөздер естуге тура келген болар. Мұндай істе сіздерге теледидардан "көрінуге" тура келуі, сіздер үшін ұнамсыз. Бірақ сіздердің бұл туралы ұмытуға тырысып, оның сәтті болғанына сенімдімін. Өйткені сіздер "сәтті" адамдарсыздар" – деп жазады Юрий Пактың зайыбы.
Ольга Пак "намысы өртеніп кеткендерді" аяйтынын, оларды кешіріп, дұға жасауға шамасының жоқ екенін мойындады.
Қарағанды мектептері бірінің физика пәні мұғалімі Юрий Пак 2016 жылы шілдеде сот алдына келген еді. Тағылған айып бойынша, 2015 жылғы 14 сәуір күні ол мектепте жүріп, өз смартфонынан шұғыл әрекет ету қызметіне хабарласып, Қарағандыдағы ЦУМ-ға бомба салынғандығын жеткізген. 3 қазан күні сот Пакті екі жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оқушылары мен олардың ата-анасы, бұқара халық Пакті жақтаған еді. Әлеуметтік желілерде ұстазды ақтау туралы петиция мәтіні жарияланды. Үкім шығардан бір күн бұрын Юрий Пактың анасы көз жұмды. Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаева республиканың бас прокуратурасына қарағандылық мұғалім Юрий Пакқа қатысты қылмыстық іс материалдарын тағы бір мәрте мұқият қарап шығуды өтініп хат жолдады.