АСТАНА, 30 қар — Sputnik. АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы қазақстандық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты шығарылған үкімге байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
Мәлімдемеде Атырау қалалық сотының "2016 жылғы көктемдегі бейбіт митингтерді ұйымдастыруға қатысты болуы мүмкін деген айып бойынша кінәлі деп танып, Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау, осы екі азаматқа қатысты сот талқылауын жүргізудегі әділдікке қатысты алаңдаушылық туғызды", деп келтірілген.
"Америка Құрамы штаттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік билігі мен заңдарына құрмет білдіре отырып, азаматтарға еркін және әділ сот талқылауына, сондай-ақ олардың өз ойын білдіру еркіндігіне азаматтық құқықтарына кепілдік беретін ҚР Конституциясы мен заңдарының жоғарғы стандарттарының орындалуын қамтамасыз ету үшін, осы істер бойынша сот талқылауын қайты қарауға шақырады", — делінген дипломатиялық миссияның хабарламасында.