АСТАНА, 28 қар — Sputnik. Қазақстан футбол федерациясының президенті ретінде "Қайрат" пен СССР құрамасының бұрынғы қорғаушысы Сейілда Байшақов сайланды деп хабарлады федерацияның ресми сайты.
28 қараша күні Астанада федерацияның кезектен тыс XIV конференциясы өтті, күн тәртібінде ұйымның президентін сайлау мәселесі тұрды. Конференция жұмысына федерация мүшелері мен атқарушы комитет мүшелері, ҚФФ аппараты, аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
"Іс-шара аясында делегаттар Сейілда Байшақовтың кандидатурасын қолдап дауыс берді. Дауыс беру нәтижесі бойынша Сейілда Байшақов 2020 жылғы 28 қарашаға дейін Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды", — делінген хабарламада.
Федерация президенті болып қайта сайланған Сейілда Байшақов ҚФФ конференциясына қатысушыларға үлкен алғысын білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін рахмет айтты.
ҚФФ бұрынғы басшысы Ерлан Қожағапанов қазан айында қызметтен кеткен еді.