АСТАНА, 23 қар — Sputnik. Ақмола облысының тұрғыны лаңкестікті насихаттап, Сириядағы джихадқа шақырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айыруға сотталды, деп хабарлады Sputnik-ке облыстық соттың баспасөз қызметі.
Іс материалдары бойынша, Щучинск тұрғыны кісі өлтіргені үшін 2009 жылы 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жүрген кезде, ол исламды өз бетінше үйреніп, 2014 жылдан бастап салафизмді насихаттай бастаған.
Әлеуметтік желілерде радикалды сенімдегі діндәр парақшалар ашып, терроризмді насихаттауға бағытталған сарапшылардың тұжырымдары бойынша материалдарды жинап, көшірмесін түсірген. Ол сондай-ақ соғысу үшін Сирияға қалай баруға болатындығы туралы пікіралмасатын топта болған. Мерзімнен бұрын шартты түрде босап шыққан ер адам Интернетте "Ислам мемлекеті" халықаралық террористік ұйымының (Қазақстан, Ресей және басқа бірқатар елдерде тыйым салынған) идеологиясын зерделей бастаған.
Құқық қорғау органдары ер кісіні ұстап, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. "Бурабай аудандық соты 28 жасар ер адамды ҚР ҚК-нің 256-бабы 2-бөлімі, 174-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп таныды. Сотталушының мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеумен алты жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Оның әрекеттерінде сот қылмыстардың қауіпті рецидивін таныды",- деп хабарлады сотта.