АСТАНА, 22 қар – Sputnik. Қазақстандық грек-рим күресшісі Нұрбақыт Теңізбаев араға сегіз жыл салып, Пекиндегі Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды деп хабарлады қазақстандық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ресми сайты сейсенбі күні.
2008 жылы Олимпиадада Теңізбаев 60 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде күресіп, жартылай финалда осы жарыста күміс жүлдеге ие болған әзербайжан жігіті Виталий Рагимовтан ұтылып қалғандықтан, қола медальға ие болған еді.
Биыл жазда Рагимовтың қайталама допинг-сынағы оң нәтижесін бергендіктен, Халықаралық олимпиада комитеті оның 2008 жылғы Олимпиада ойындары бойынша көрсеткішін жоюға шешім қабылдады.
Теңізбаев Пекин-2008 ойындарында қырғыз күресшісі Руслан Тюменбаевпен бірге қола жүлде иеленген болатын. Бірақ жартылай финалда Рагимовке қарсы Теңізбаев шыққандықтан, дисквалификацияланған балуанның күміс медалі соған бұйырды.
"Халықаралық күрес федерациясы қазақ Нұрбақыт Теңізбаевты Пекиндегі ойындардың күміс жүлдесімен марапаттайды… UWW Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының құптауымен ресми хат жолдады", — делінген ұлттық федерация хабарламасында.