АСТАНА, 22 қар – Sputnik. Дүйсенбі күні Халықаралық олимпиада комитетінің қазақстандық Илья Ильиннің Лондон олимпиадасындағы басты екі қарсыласы – ресейлік күміс жүлдегер Александр Иванов пен молдовалық қола жүлдегер Александр Кырыктың нәтижелерін жойғаны белгілі болды.
ХОК Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің қолдауымен Олимпиада шыңына шыққандарды бірінен соң бірін құлатып, жүлделерді бұл туралы үш ұйықтаса түсіне де кірмеген өзге спортшыларға бермекші. Мұның бәрі олимпиада марапаттауларының құнсыздануына әкеп соғуда, өйткені сырттай бақылаушылардың бар ойы бұл жүлделерге ие болатындарда емес, медалінен айырылатын атлеттерде болып отыр.
94 килограммға дейінгі салмақ категориясында ирандық Саед Мохаммадпур Лондон Олимпиадасының кемінде күміс жүлдесіне ие болмақ. Олай дейтін себебіміз, сол кезде бірінші орынды иеленген Илья Ильиннің ісі әлі қаралған жоқ. Есесіне ресейлік күміс жүлдегер Александр Иванов пен молдовалық қола жүлдегер Александр Кырыктың, сондай-ақ бұл салмақ категориясы бойынша төртінші орынды иеленген ресейлік Андрей Демановтың нәтижелері жойылды.
Нәтижесінде үздік бестікке кіргеніне балаша мәз болған ирандық жүлделі орынды иемденеді. Ал, Илья Ильиннің нәтижесін де жояр болса, Саед Моххаммадпур қуанар ма екен? Қайдам… Жарыс кезінде бәрін артқа тастау – бір басқа, баз біреулердің араласуынан жүлдеге ие болу – бір басқа.