АСТАНА, 21 қар — Sputnik. Қазақстанның басым бөлігінде белең алған қатты аяз жуық арада бәсеңдейді, синоптиктердің болжауынша, алдағы үш күнде Қазақстанда күн жылынып қар жауады, боран соғады.
"Қазақстандағы өте суық ауа-райын ұстап тұрған қуатты антициклон, жылы және ылғалды атлантикалық ауа қысымының салдарынан ақырындап бұзыла бастайды. Алдағы үш тәулікте республиканың батыс, солтүстік және орталық облыстарында температура көтеріліп, сондай-ақ қар жауып, бұрқасын тұрып, қатты батыс желі соғады деп күтілуде", - делінген Қазгидромет хабарламасында.
Синоптиктердің мәліметінше, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және шығыста антициклон ықпалының нәтижесінде жауын-шашынсыз суық ауа-райы сақталады. 24 қарашаға қарай шығыс облыстарда аяз аздап бәсеңдейді деп болжанады.