АСТАНА, 16 қар — Sputnik. Астананың көрікті жерлері бейсенбі 17 қараша күні әлемде Халықаралық шала туған балалар күніне орай ақшыл көк түске енеді деп хабарланды Елорданың ресми сайтында.
Астанада "Бәйтерек" монументі, "Хан Шатыр" сауда, ойын-сауық орталығы, "Сарыарқа", "М 2" көпірі ақшыл көк түске боялады.
Жыл сайын 17 қарашада бүкіл әлемде Халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі. Осы күні халықты мерзімінен бұрын босану туралы ақпараттандыру және мерзімінен бұрын туған сәбилердің қажеттіліктеріне назар аудару мақсатында сәулет құрылыстарын жарықтандыру акциялары өтеді.
Осы күні Нью-Йорктегі Эмпайр-стейт-билдинг және Ыстамбұлдағы Босфор көпірі ақшыл көк түспен жарықтандырылады, ал көптеген танымал тұлғалар ақшыл көк түсті киім киіп шығады.
Қазіргі уақытта елордада 466 орынға есептелген үш перинаталды орталық және 75 орынға есептелген University Medical Center корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде елордалық және аймақтардан келген жүкті әйелдерге, босанғандарға және жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсетіледі.
Халықаралық шала туған балалар күні 2009 жылы жаңа туған нәрестелер күтімі жөніндегі Еуропалық қордың ұсынысымен бекітілген. Бұл шараның мақсаты – мерзімінен бұрын туылған сәбилердің қажеттіліктеріне қоғамның назарын аударту.