АСТАНА, 16 қар — Sputnik. Бопсалау күдігі бойынша ұсталған Бигелді Ғабдуллиннің Central Asia Monitor басылымы мен Radiotochka.kz сайты кеңселерінде тінту жұмыстары жүргізілуде.
"Жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының қызметкерлері кеңселерді тінтуде. Тінту үдерісі адвокат Әлімжан Оралбай жоқ кезде басталды. Ол үдеріс ортасына қарай келіп, наразылығын мәлімдеді", - деп жазады Radiotochka.kz.
Сайттың бас редакторы Бекжан Ыдырысов Facebook парақшасында тінту жұмыстарының тоқтатылғанын жариялады.
"Адвокат кейінірек келіп, тінту жұмыстарының заңсыз екендігін мәлімдеді. Осы жерде Ғабдуллиннің ұсталуына байланысты тағы бір сұрақ туындайды – Ғабдуллин абыройларын айрандай төгіп жатқанда, әлгі әкімдер неліктен сотқа арыз бермей қарап отырды? Қысқасы, цирк жалғасуда", — деп жазды Ыдырысов әлеуметтік желіде.