АСТАНА, 15 қар — Sputnik. Қазақстанның танымал құқық қорғаушысы Евгений Жовтис пен "Әділ сөз" халықаралық сөзді қорғау қорының басшысы Тамара Калеева "CentralAsiaMonitor" басылымының бас редакторы және "Radiotochka.kz" директоры Бигелді Ғабуллиннің ұсталуына қатысты пікірлерін білдірді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы сейсенбі күні "CentralAsiaMonitor" басылымының бас редакторы және "Radiotochka.kz" директоры Бигелді Ғабдуллиннің бопсалау дерегі бойынша ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, Ғабдуллин қарауындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты абыройын түсіру және жағымсыз материалдар жариялау жолымен ақпараттық шабуылды үдеткен. Осыдан кейін Ғабдуллин сынды азайтқаны үшін лауазымды тұлғалардан өз медиаресурстарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған.
"Мен мұны элита ішіндегі өзара қақтығыс ретінде қарастырамын. Бигелді Ғабдуллин ұзақ уақыт бойы оппозициялық қайраткері болып, кейіннен біраз жұмсарып, саяси көзқарас тұрғысынан сынап-мінеуді тоқтатқан еді. Бұл жерде, кімнің мүддесіне нұқсан келді – соны ескеру керек, себебі бұл — редактор тап болған элитаішілік қақтығыстардың бір көрінісі", — деді құқық қорғаушы Евгений Жовтис Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбат барысында.
Тамара Калеева Бигелді Ғабдуллин ұсталғанына қатты таң қалғанын айтты.
"Төбемнен жай түскендей болды. Бигелді Ғабдуллинді бастапқы да оппозиционер болып, кейін Америкаға кетіп қалғаннан бері танимын. Сол жақта бәрін саралап түсініп, отанына қайта оралды, және, меніңше, мемлекетке адал қызмет етті. Екеуіміздің көзқарасымыз әртүрлі еді. Оны көптеген мәселелерге қатысты ойын бүкпей, тура айтатын мінезі үшін құрметтеймін", — деді Калеева Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Және құқық қорғаушы "Бигелдінің кедей адам емес екендігін" атап өтіп, жемқорлық қылмысқа барғанына күмәнданатынын айтты.