АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Almaty Towers кешеніндегі өртте қаза тапқан студенттердің жанұяларына 340 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетті деп хабарлады ЖОО-ның корпоративтік БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасы.
"Бұл қайғылы оқиғада біздің екі студентіміз қаза тапты. Сартбаев Нұрлыбек – "электроэнергетика" мамандығы бойынша физика-техникалық факультеттің үшінші курс студенті, екіншісі — Айдаралиев Еламан "ядролық физика" мамандығының үшінші курс студенті. Бүгінде университет пен кәсіподақ бірігіп, марқұм студенттердің ата-аналарына 340 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті", — деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат беруші.
Сонымен қатар, олардың мәліметінше, қаза тапқандардың мәйітін Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы туған жерлеріне жеткізуге де жәрдем беріледі. "Материалдық көмектен бөлек, біздің білуімізше, факультет пен студенттер ақшалай қаражат қорын жинауда", — деді ЖОО-да.